Поделитесь с друзьями:
Стихотворения на казахском

Анық пен танық — Шәкәрім Құдайбердiұлы

Анық пен танық - Шәкәрім Құдайбердiұлы

Ойлаңыз ақыл-білім қайда болмақ,
Денеде, қандай орын-жайда болмақ?
Білу, нану, ұнату – ақыл ісі,
Қайтсе зиян, қайткенде пайда болмақ?
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек,
Мұрын иіс, тіл дәмнен хабар бермек.
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі сол тексермек.
Ой сонда неше толғау шимай салмақ,
Қайтсе жөні келер деп өлшеуге алмақ.
Дәл солай қылайын деп ұнағанда,
Әділетті жүрегің бір қозғалмақ.
Бір билік сол жүректен шығарылмақ,
Денеге ол шымырлап әсер қылмақ.

Ойыңды дұрыс дей ме, теріс дей ме,
Сол арасын анықтап байқа бірақ.
«Жарайды» – деп, ұнаса, бас иземек,
Жек көрсе, жиіркеніп дірілдемек.
Жүрегіңнің тілі жоқ, ымбалы сол,
Ұғып ал да бола көр соған көмек.
Қазақта жоқ ақылмен ой бекітпек,
Нәпсі ұнаса болғаны, бәрі бітпек.
Тәуекел деп ат қойып ықтималға
Байлауы жоқ нәрседен пайда күтпек.
Табамын деп талпынып ойына алмақ,
Өз әлінше о-дағы сынға салмақ.
Аз ойланса қазақтың басы қатып,
Зиян істі пайда деп қойып қалмақ.
Ықтималдың есігі екеу болмақ,
Ішіне пайда, зиян… бәрі толмақ.
Нысананы сығалап дәлдеп атпай,
Көзін жұмып оқ атқан қайтіп оңбақ?

Іс қылады таптым деп біздің қазақ
Онан көрген пайдасы болады аз-ақ.
Аяғында ол ісі зиян шығып,
Көрінгенге күлкімен болар мазақ.
Арам оймен ар сатып үзіп-жұлмақ,
«Міне, пайда қылдым» – деп мақтан қылмақ.
Біреу білген айланы біреу біліп,
Өзі құрған дарына о да асылмақ.

Шолақ ойлап, шолтаңдап, сырттансымақ,
Аса мықты жан шығып көзден тым-ақ.
Аударысып жүргенде ауып кетіп,
Абыройың ашылар байқа, шырақ.
Шолақ ойдың аяғы осы болмақ,
Біраз күнге көңілдің хошы болмақ.
Арсыз, арам, асығыс, айлакестік, –
Мұның бәрі шайтанның досы болмақ.
«Құдай кешер алда» – деп күнә қылмақ,
Ар кетіріп ант ішіп, жан сатылмақ.
He жалғанда, немесе ақыретте
Оңа алмастай өкпеден бір атылмақ.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.