Үйшік — Теремок — сказка на казахском языке

Үйшік - Теремок - сказка на казахском языке

Бұл орманда болған оқиға еді. Ашық алаңқайда кіп-кішкентай ескі үйшік тұрған. Бірде оны қасынан жүгіріп өтіп бара жатқан тышқан көреді. Тышқан тоқтап:
– Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп сұрайды. Ешкім жауап қайтармайды. Тышқан бос үйшікке кіріп, осында тұрып жатады.

Біраз уақыттан кейін үйшіктің маңына секіріп бақа келеді.

– Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар?

– Мен тықырлауық тышқанмын! Ал сен кімсің?

– Мен бақылдауық бақамын.

– Кел, бірге тұрайық.Бақа «бақ-бақ!» деп бақылдап, үйшікке секіріп кіреді. Тышқан екеуі тіл табысып, бірге тұрады.Енді үйшік қасына ытқып-ытқып қоян жетеді.

Үйшік - Теремок - сказка на казахском языке

– Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп сұрайды.

– Мен тықырлауық тышқанмын!

– Мен бақылдауық бақамын. Ал сен кімсің?

– Мен қорқақ қоянмын! – Кел, бірге тұрайық. Қоян да үйшікке кіреді. Осылай үшеуі бірге өмір сүре бастайды. Алыстан бұл үйшікті түлкі көреді. Ақырын басып жақын келіп, терезесін қағады да:

– Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп сұрайды.

– Мен тықырлауық тышқанмын!

– Мен бақылдауық бақамын.

– Мен қорқақ қоянмын! Ал сен кімсің?

– Мен қу түлкімін! – Кел, бірге тұрайық. Үйшіктен түлкіге де орын табылды. Достар енді төртеу болды. Үйшікке тілі салақтап, айналасына алақ-жұлақ қарап қасқыр жетеді. Ол есікті қағып, қырылдаған дауысымен:

– Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп сұрайды.

– Мен тықырлауық тышқанмын!

– Мен бақылдауық бақамын.

– Мен қорқақ қоянмын!

– Мен қу түлкімін! Ал сен кімсің?

– Мен сұр қасқырмын! – Кел, бірге тұрайық. Қасқыр қысыла-қымтырыла ішке кіреді. Әйтсе де кіп-кішкентай үйшікке бесеуі де сыйып кетеді. Барлығы қосылып, ән айтады. Тату-тәтті өмір сүреді.

Бір күні жидек теріп жүрген аю үйшік тұрғындарының салған әнін естиді. Ол үйшікке жақын келіп, бар дауысымен:

– Сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай бұл үйшікте кім бар? – деп ақырады.

– Мен тықырлауық тышқанмын!

– Мен бақылдауық бақамын.

– Мен қорқақ қоянмын!

– Мен қу түлкімін! – Ал мен болсам, сұр қасқырмын! Ал сен кімсің?

– Мен қорбаңбай аюмын! – Кел, бірге тұрайық. Аю ары-бері тырбыңдап үйшікке кірмекші болады. Бірақ оның басы енгенімен, денесі сыймайды. Амалы таусылған аю:

– Ендеше мен үйшіктің шатырына шығып тұрайын, – дейді.

– Жоқ, сен дәусің! Сені кішкентай үйшігіміз көтере алмайды. Қиратасың ғой, – деп шырылдайды іштегілер.

– Қорықпаңдар, түк те болмайды, – деп аю олардың сөздеріне құлақ аспайды.

Кіп-кішкентай үйшіктің тұрғындары амалсыздан келіседі. Аю қорбаңдап үйшіктің төбесіне шығады. Сол-ақ екен, ескі үйшік сықырлап, шашылып қалады. Тықырлауық тышқан, бақылдауық бақа, қорқақ қоян, қу түлкі, сұр қасқыр – барлығы аман-есен үйшіктен шығып үлгереді. Аюға олар ренжімейді. Қайта барлығы бірігіп, бөренелерді тасып, тақтайларды сүргілеп, жаңа үйшік тұрғызуға кірісіп кетеді. Осылайша, достар өздеріне әп-әдемі, жап-жаңа үйшік соғып алыпты.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Adblock detector