Поделитесь с друзьями:
Стихотворения на казахском

Қартайған арыстан — Ахмет Байтұрсынов

Қартайған арыстан - Ахмет Байтұрсынов

Қартайып, Арыстанның әлі кетті,
Айбыңды жұрт қорқатын сәні кетті.
Бетіне жан келмейтін уақыттар
Артына бір қарамай, бәрі кетті.Аяқта дәрмен қалды жүрерлік-ақ!
Тым қарттық жас емес қой көрерлік-ақ.
Тіс түсіп, тырнақ мұқап, қайрат кетіп,
Жайы бар тыныш жатып өлерлік-ақ.

Тынышына қоймады оны өзге аңдар,
Бата алмай: «Сені ме?» – деп жүрген жандар.
Анау да, мынау да өшін алып жатыр
Қашаннан Арыстанда кегі барлар.

Ат тепті, Қасқыр қапты етін үзіп,
Біресе жаралады Өгіз сүзіп.
Қинады әркім келіп білгенінше,
Арыстан үн шығармай жатты төзіп.

Ыңыранып жатыр еді өлейін деп,
Қасына Есек келді көрейін деп.
Артықша жанға батар жерін таңдап,
О да тұр Арыстанды тебейін деп.

«Я, Раббым», – сол уақытта – деді Арыстан:
Мен түгіл, үркуші еді Ат қамыстан.
Бұл Өгіз, мынау Қасқыр тимек түгіл,
Зәресі ұшушы еді, көрсе алыстан.

Дариға, ол заманның бәрі өтті,
Кәрілік деген бәле келіп жетті.
Тіс түсіп, тырнақ мұқап, әл кеткен соң,
Сорыма бәрі мұның ер боп кетті.

«Тебем» деп келіп тұрған мынау Есек,
Аяқта жатушы еді болып төсек.
Кешегі дәурен баста тұрған шақта,
Мұны кім етуші еді жан деп есеп.

Көп шығар, жоқ демеймін, кінәм менің,
Ризамын бақ, бәлеңе бірдей сенің.
Тұяғын сол жаманның тигізбей ал,
Қорлықтан мұнан көрген, жеңіл өлім!»

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.