Қоянбектiң қылықтары (Ертегі) — Әбдірахман Асылбеков, Ұлықман Асылов

Қоянбектiң қылықтары (Ертегі) - Әбдірахман Асылбеков, Ұлықман Асылов

Қоянбектiң қылықтары (Ертегі) - Әбдірахман Асылбеков, Ұлықман Асылов

Қоянбек далада

Баяғыда, баяғы,
Кемпір мен шал болыпты.
Саудырап қол-аяғы,
Тоқсан жасқа толыпты.
Ағайын жоқ, туған жоқ,
Не қызы жоқ, бала жоқ.
Той-тамаша, думан жоқ,
Отырыпты нала боп.
Кемпір қарап шалына,
Шалы қарап кемпірге,
Тәңіріне жалына,
Депті:
«Бізді өлтірме.

Жаратушы,
Жар болып,
Бізге жалғыз бала бер.
Сол баламыз нар болып,
Содан кейін ала бер».
Әлде тәңір,
Әлде кім,
Жеткізіпті бір дыбыс:
«Сүру үшін мәнді өмір,
Тілектерің дұп-дұрыс.
Мынау өмір шынында,
– Өмір ме екен баласыз?
Баласыз бұл ғұмырда,
Қаларсың құр панасыз.

Бала –
Ұрпақ, мұрагер,
Бала –
Өмір жалғасы.
Ол болмаса,
Сірә де,
Қалмас іздің таңбасы.
Қарап жата бергенше,
Бір әрекет қылыңдар.
Қолдарыңнан келгенше,
Тысқа біраз шығыңдар.

Деген сөз бар:
Ілінер
Жүргем жүрген аяққа.
Еш нәрсе жоқ түңілер,
Сүйеніңдер таяққа».
Осыдан соң екеуі,
Бет алыпты орманға.
Әрең-әрең жетеді,
Кешкі мезгіл болғанда.
Бүрісіп тал түбінде,
Жатыр екен Көжек бір.
Кемпір мен шал күлімдеп,
Деді:
«Бізге қажет бұл».
Үйлеріне алып кеп,
Асырады Көжекті.
Қалды көңіл қарық боп,
Уақыт та тез өтті.
Бала сынды елгезек.
Бал қылығы баян боп,
Содан кейін сол Көжек,
Шыға келді Қоян боп.
Кемпір мен шал, әрине,
Бұған медет қылады.

Кіріп-шығып әр үйге,
Көрімдік те сұрады.
Алты апта кәдімгі,
Өткен кезде арада,
Сол Қояны қадірлі,
Айналыпты балаға.
Кемпір мен шал, әрине,
Қуаныштан жылады,
Хабар беріп бар үйге,
Үлкен бір той қылады.
Қыза түсіп той әрман,
Ат қоятын шақ келді.
Жаралған соң қояннан,
Қоянбек деп ат берді.

Кемпір мен шал күні-түн,
Қоянбегін мақтады.
Артып арман-үмітін,
Бетінен еш қақпады.
Сол Қоянбек сонымен,
Ерке болып өсіпті.
Тең кім бар деп менімен,
Лепіріпті, бөсіпті.

Қоянбек қалада

Қоянбегің бірде кеп,
Әлек салды анаға:
– Машинасы мүлде көп,
Көшейік тез қалаға.
Қайтіп бұған көнейін,
Даладан шын жалықтым.
Арасына енейін
Құжынаған халықтың.
– Көлік деген қаптап жүр,
Қалқам, қала оңай ма?
Жол тәртібін сақтап жүр,
Бара қалсаң, соны ойла.
– Зыр жүгіріп жетермін,
Көлік деген немене?
Ара-арасынан өтермін,
Секілденіп бөдене.

– Қой, қой, балам,
Қой, балам,
Қаға берме төсіңді.
От басады ойнаған –
Жина жылдам есіңді.
Айтпай сірә қалған жоқ,
Ата-анасы ақылын.
Сөзге құлақ салған жоқ,
Қоянбектей «батырың».
Шығып кетті үйінен,
Аралауға қаланы.
Жаңылды жай-күйінен,
Жүрмей жатып шамалы.

Қиып өту көшені,
Ауыр тиді ұғымға.
Айтқан сөзі кешегі,
Артық екен шынында.
Бұрышында көшенің,
Бағана тұр көзі көп.
Дұрыс білсең есебін,
Өте аласың тезірек.
Қызыл көзін жаққанда,
Алға адым баспайсың.
Сары көзін жаққанда,
Дайындала бастайсың.

Жасыл көзін жаққанда,
Тұруды енді тастайсың.
Жүріп бара жатқанда,
Еш нәрседен саспайсың.
Көліктер де,
Адам да,
Сол бағанға бағынған.
Тоқтатады табанда,
Жүргіншіні жаңылған.
Кей бұрышта таяқты,
Реттеуші аға тұр.

Ақырын бас аяқты –
Қимылдарын баға тұр.
Машиналар қызық, ақ
Коянбек таң бәріне.
Реттеуші қызық-ақ,
Түсінбей тұр әлі де.
Көліктердің легі
Көшелермен зырлап кең,
Қатар-қатар жүреді,
Әдемі бір ырғақпен.

Қоянбек жолаушы

Жолаушылап бір күні,
Жолға шықты Қоянбек.
Іс істеді күлкілі,
Достан қалып қоям деп.
Автобусқа келді де,
Кірді есіктен алдыңғы.
Елемеді ол мүлде –
Одан кейін шал мінді.
Орындыққа жайғасып,
Терезеге қарады.
Шал жеткенмен жай басып,
Көрмеген боп барады.

Байқап тұрған ана бір,
Бұл қылыққа төзбеді:
– Орындықты, қарағым,
Босата қой тез, – деді. –
Кәрияға бер орын,
Жөн – үлкенді сыйлаған.
Білемісің сен оның,
Екендігін сыйлы адам?
Ол ақсақал Советті
Орнатысқан қолымен.
Бол, балақай, әдепті,
Жүр ізгілік жолымен.
Қоянбек те тезінен

Орнын қартқа ұсынды.
Апайының сөзінен,
Бірақ қатты қысылды.
Ерің сөйтіп жүргенде,
Билетті де алмады.
Тексеруші кіргенде,
Зәрә-құты қалмады.
Тұла бойы дірілдеп,
Тұр Қоянбек сескеніп.
Тексеруші біріндеп,
Келе жатыр тексеріп.

Қоянбекке таяу кеп,
– Көрсет, – деді, – билетті.
Көңілі тым қаяу боп,
Қоянбектен күй кетті.
– Тиыным да жоқ еді,
Билетке ақшам жетпей тұр.
Бір балмұздақ жеп едім,
Дәмі аузымнан кетпей тұр.
– Ұят қайда, қарағым,
Билет алу тәртіп қой.
Тап өзіңдей баланың,
Мына сөзі артық қой.
Сенің атың кім еді?
– Менің атым Қоянбек.

Тексеруші күледі:
– Міне, нағыз Қоян, – деп.
Билеті жоқ боп шығып,
Жүргендерді аян боп,
Содан бері көпшілік,
Атап кеткен «Қоян» деп.
Әлде қашан өзгерген,
Бірақ біздін, Қоянбек.
Сонда-ақ берік сөз берген,
Бұл әдетті қоям деп.

Қоянбек конькиші

Қыстың күні ғажайып;
Жалтыр мұз бен ақша қар.
Басқа ойындар азайып,
Нағыз хоккей басталар.
Қоянбек те қалсын ба,
Конькилерін сайлады:
Келген жаңа маусымда
Аяғына байлады.
Содан кейін сыбанып,
Тысқа тездеп шықты енді.

Оқтай түзу шын-анық,
Көшелер де мықты енді.
Үлкендердің ақылын,
Тыңдаған ба Қоянбек?
Жүре алмайды ақырын,
Шындағанда Қоянбек.
Ең алдымен жарысты,
Автобуспен Қоянбек.
Содан кейін жарысты,
Көктегі құспен Қоянбек.
Кей баланы састыра
Іліп кете жаздады.
Машинаның астына
Кіріп кете жаздады.
Одан кейін тағы бір
Машинаға жармасты.

Желпіл қағып жаны бір,
Басқасына алмасты.
Қоянбек ер соңында
Кезек берді хоккейге.
Клюшкасы қолында,
Қауіп-қатер жоқ бейне.
Оңды-солды пергілеп,
Зырлатады шайбаны.
Түсер жерін белгілеп,
Асырады айланы.
Кең көшенің
Зыр етіп,
Ар жағына бір өтіп,
Бер жағына бір өтіп.

Соққыларын үдетіп;
Қоянбек ер жүр еді,
Кенет…
Кенет сүрінді.
Бір бұлқына жүрегі,
Бар тіршілік бүлінді:
Келіп қалған көліктің,
Кіріп кетті астына.
Тоқтау оған болып мұң
Өте шықты басты да.
Жедел жәрдем тез келіп,
Жеткізді ауруханаға.
Шықты ерің өзгеріп,
Көп күн өтіп арада.

Сынған екен аяғы,
Тобығы да тайыпты,
Қолда балдақ-таяғы,
Әрең-әрең айықты.
Қоянбекте өнер көп –
Велосипед тебеді.
Ойламайды өлем деп,
Өлеңдетіп келеді.

Қоянбек велосипедші

Ақыл-есін әреңдеп,
Жиды ауруханада.
Дәрігерлер дән емдеп,
Қайта оралды ол қалаға.
«Менің атым Қоянбек,
Бірақ қоян емеспін..
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім.
Желді қуып жетемін,
Велосипед мінгенім.
Қағып-соғып өтемін,
Жол бермесе кімде-кім.
Бос жіберіп қолымды,
Зырлата да аламын.

Бөгемеңдер жолымды,
Асығыстап барамын.
Велосипед тұлпарым,
Басып озар «Болғаны».
Аспандағы сұңқарың,
Теңесе алмас ол-дағы.
Светофор сөз бе екен,
Қызыл, жасыл, сарысы.
Күтіп тұрар кез бе екен,
Маған бірдей бәрісі.

Менің атым Қоянбек,
Бірақ қоян емеспін.
Таныңыздар ноян деп,
Таласатын жоқ ешкім».
Өстіп келе жатқанда,
Машинаға ұрынды.
Бортыменен қаққанда,
Бұзып алды мұрынды.
Еркелігін тастаса,
Қоянбек шын асыл жан.
Ендігі әні басқаша,
Желігі де басылған:
«Менің атым Қоянбек,
Нағыз қоян екенмін,
Сөз тыңдамай қоям деп,
Өткізіппін бекер күн.

Ақыл айтқан кісіні,
Түсінбедім, ұқпадым.
Бос мақтанмен ісініп,
Өзімді-өзім құптадым.
Желдей есіп қарқыным,
Жол үстінде гуледім.
Жолда жүру тәртібін
Құлағыма ілмедім.
Ақырында аптығып,
Абай болар сағатта,
Машинаға қақтығып,
Ұшырадым апатқа.

Міне,
Жақсы емделіп,
Үйге оралдым қайтадан.
Ережені меңгеріп,
Тамылжыта айтам ән».
Осылайша ертегі,
Әнмен аяқталады,
Құптамайды ел тегі
Қоянбектей баланы.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Adblock detector