Бар болғаны: татар малай Нұримен Екі жылдай көрші тұрдым бір үйде. Бар болғаны: жұрт қатарлы күнелтіп, Диктант жазсақ, ұқсас қате жібердік. Бар болғаны: Бір партада отырып, Екі жылдан екпінді бол оқыдық. Бар болғаны: Бірге бардың киноға, Мен сияқты отырмайтын үйде о да. Бар болғаны: барсам, әни жырғайтын, Пәрәмішпен, бәлішпен* де сыйлайтын. Бар болғаны: менің апам Нұр келсе, «Қазы же!» деп, қиылатын өлгенше… Бар болғаны: сатып алып әр қолдан, Жаңа марка алмасушы ек альбомнан. Бар болғаны: ешкім бермей жеңістік, Футбол үшін, Пеле үшін керістік. Бар болғаны: Тек шахматтан ол ұтып, Сан бұртидым, бостығымды ұмытып…… Әуреге сап, бізге үйренген баланы, Екібастұзға үйі көшіп барады. Ұзатқалы келдім, міне, перронға, Әни солда, Нұри, міне, оң қолда. Қайта-қайта қысты Нұри қолымды: Жанарынан неге моншақ көрінді! Қандай ток кеп шымшып өтті жүректі, Қоңыраудан кейін неге шым етті?!.. – Хат жазып тұр, хат жазып тұр, Нұриім! Біле білсең, біздің үй де – бір үйің… |