Қаншыр мен бөдене — Шәкәрім Құдайбердiұлы

Қаншыр мен бөдене - Шәкәрім Құдайбердiұлы
Бір қаншырға айтыпты бөдене кеп:
– Сен үшін қатты уайым қыламын, – деп, –
Солаңдаған байғұсың ұшуға олақ,
Бір күні кетеді ғой тұрымтай жеп?

Қаншыр айтты:
– Қаупім жоқ тұрымтайдан,
Шықпаймын қалың қамыс, қопа-сайдан.
Мен сендей жалтаң жерге оттамаймын,
Тығылған соң мені алып жейді қайдан?

Бөдене айтты:
– Қамысың тыныс емес,
Босқа арықтап жүргенің дұрыс емес.
Айламен-ақ алғызбай кетіп жүрміз,
Тұрымтайың біздерге жұмыс емес.

Жүз құбылып, қуланып, жылпалақтап,
Таңырқатты қаншырды өзін мақтап:
– Тілімді алсаң, екеуміз дос болайық,
Маған ерсең, жүрейін жаудан сақтап.

Қаншыр мен бөдене - Шәкәрім Құдайбердiұлы

Аңқау сорлы бір қудан алды сабақ,
Бөденемен дос қылды құлқын тамақ.
Жау міндеті мойнында бөдененің,
Екеуі емін-еркін қырда оттамақ.

Қыраңға шығып алып, оттап жүрді,
Бетегелі мырғайға әбден кірді.
Тегінде бөдененің айтқаны рас,
Тарлауға жайылған соң шын семірді.

Бір қырға шығып еді оттай-оттай,
Бырқырап келе жатыр бір тұрымтай.
Бөдене көре салып бұға қойып,
Қаншырға хабар қылды:
– «Бұқ, – деп, – ойбай!»

Жалма-жан бұға қалды қаншыр батыр,
Жер еді панасыздау шөпсіз тақыр.
Екеуі тырп етпестен жатса-дағы,
Тұрымтай тұпа-тура келе жатыр!

Бөдене әр айланы көп ойлады,
Бір түрлі сол арада еп ойлады.
«Тұрымтай соны көріп алып кетсін,
Қаншырды ұшырайын» – деп ойлады:

– Қойыпты бұл тұрымтай бізді көріп,
Мен қашсам, кетер едім бір бұлт беріп.
Сен ертерек қашпасаң құтылмайсың,
Бұл сені алып жейді тура келіп.

Мендей тарғыл емессің, барандаусың,
Қыбырлап, тыныш жатпай алаңдайсың.
Ерте ұшып бір қамысқа тығылып бақ,
Бұл жерде жатып аман қала алмайсың.

Аяңдамай алдауға еріп қаншыр ұшты.
Тұрымтай оны көріп тым құнысты.
Қанатының қаққаны көзге ілінбей,
Адым жерге жібермей қағып түсті.

Бөдене ұшып, жыпылдап, кетті алысқа,
Дос болыңыз осындай алдамышқа.
Қасындағы қаншырды қанға бояп,
Өзі барып тығылды бір қамысқа.

Қамыста жатып алды қылмай қауіп,
Құтылды досын беріп, айла тауып.
Қонғанын бөдененің көрген біреу,
Жүгіртіп сол араға келді шауып.

Бөдене жатыр еді қыбыр етпей,
Қарап жүр шыр айналып, көзі жетпей.
Ат басып бөденені жаншып кетті,
Жазасын о да тартты аман кетпей.

Жігіттер! осы сөзге құлағың сал,
Басыңда миың болса, мұны ұғып қал.
Алды-артын ойламаған аңқау менен
Алдампаз арам достан ғибрат ал.
Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.