Site icon Мұра — Наследие KZ

Жетім бала мен рақымды кемпір — Тайыр Жомартбаев

Жетім баланың мұңы:
Ай қараңғы, күн батты,
Жылы орнына ел жатты.
Ата-анам жоқ мен сорлы
Паналаймын қай жақты?

Түнерген суық күзгі түн,
Ұзақ жылдай қысқа күн.
Мың дауыспен жылаған
Кімге естілер біздің үн?

Жылы сөзге болдым зар,
Маңдайымнан кім сипар.
Ата-анасыз балаға
Кең дүние де болар тар.

Жоқ болса туған анасы,
Болсаң өзің өте жас,
Мүшкіл сонда басыңа,
Суынған жүрек бейне тас.

Рақымды кемпір:
Бір кемпір естіп білді жетім мұңын,
Аяды: «Жылама, – деп, – байғұс ұлым,
Мұңайма, қайғы-бұлтың тарқайды әлі,
Шуағын төгер ертең алтын күнің»,

Үйіне ертіп келіп, берді тамақ,
Кірін жуып, жыртылған үстін жамап:
«Боласың есейгенше тәрбиемде,
Ерте тұр, мектепке бар, оқы сабақ!»

Сабаққа жетім бала даярлайды,
Талабы оңғарылып, бағы жанды.
Оқыды ыңыласпен күні-түні,
Білімге шөлдеп жүріп, сусынданды.

Баланың атасы өлген бір жасында,
Кемпірдің өнер тапты арқасында.
Адам болды беделді, ғылым біліп,
Кемшілік жері болмай бір басында.

Exit mobile version