Поделитесь с друзьями:
Стихотворения на казахском

Жаз — Ыбырай Алтынсарин

Жаз

Сәуірде көтерілер рахмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы…

Ұшпақтың бір сәулесі жерге түсіп,
Өсірер жерден шөпті нұрдың буы.
Жақындар Құдайымның көктен күні,
Тең болар жарлықпенен күн мен түні.

Аспаннан рақымменен күн төнгенде,
Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша,
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.

Шапақтан бұлты шығар мұнарланып,
Жаңбырлы күндер түсер тұманданып.
Адамзат нәр ауасын судай жұтар,
Шөл тартқан айуандарша құмарланып.

Жетпеген үлкендікке жас балалар
Жүгірер ойдан-қырға жұмарланып…
Сәуірде алуан-алуан жауар нөсер,
Нөсердің құатымен жер шөбі өсер.

Көкорай дүние жүзі шалғын болып…
Жан, айуан, адамзат бауырын төсер.
Жан-жәндік рахат тауып тұру үшін
Ұшпақтан хош иісті желдер есер.

Сәуірдің әрбір күні дертке дәрмен,
Құдайым дәрмен бол деп етер пәрмен.
Бір малы шаруаның екеу болып,
Қыстаудан ел шығады алуан-алуан.

Күлісіп, құшақтасып әзіл етер,
Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған…
Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.

Алыстан мұнарланған сағымдары
Шақырып тұрар күліп кел деп мұнда.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.