Бозторғай — Сәбит Дөнентаев

Бозторғай - Сәбит Дөнентаев

Бозторғай зорлық көріп тұрымтайдан,
Таяныш таба алмапты қырдан, ойдан.
Болыпты мұңын шақпақ, зарын айтпақ,
Қырғиды жолықтырып көрсе қайдан.

Ағып жүр оқтай зырлап, көрмей дамыл,
Шыбындан жанын сұрап бір құдайдан.
Тілегі, көздің жасы қабыл болып,
Ақыры-ақ тапты іздеп бір тоғайдан,

Бозторғай - Сәбит Дөнентаев

Томарда, келсе, қырғи бұғып отыр,
Жемсауы ыңқ-ыңқ етіп шығып отыр.
Түрі бар бір нәрсені аңдығандай,
Орнында қозғалмастан нығып отыр.

Келді де, сәлем берді төресіне,
Аз-ақ тұр шықпай жаны денесінде.
Шақты кеп тұрымтайдың мінездерін:
«Ей, тақсыр, бейбағыңды көресің бе?»

Қырғи сәл торғай сөзі бітер-бітпес,
«Сабыр қыл! – деді, – тоқта еш нәрсе етпес»,
Қазірде қол бос емес, жұмыс қатты,
Аз күтсең жаның шықпас, күнің өтпес».

Деген соң, торғай кетті, амал бар ма?
Тұруға сөз қайтарып заман бар ма?
Қалжырап, қажып, жүдеп қайтты сорлы,
Бірде ұшып, бірде қонып томарларға.

Бір жерге демалуға бөгеледі,
Тағы ұшып ол орнынан жөнеледі,
Түбінде бір томардың бұғып жатқан
Бір кезде көзі шалды бөденені.

Бөдене қылды ишара: «Мұнда кел», – деп,
«Ағаңның мынау жатқан жәйін көр», – деп,
«Мені аңдып бір жау қырғи отыр еді,
Білдің бе, кетті ме екен хабар бер», – деп.

«Жеп қойды ұстап алып жолдасымды,
Сонан соң білдім мен де оңбасымды.
Білмеймін, әлі күнім екіталай,
Кетіп ем қашып, қорғап өз басымды».

Мұны естіп ішін тартты торғай пақыр:
«Ешкімге опа бермес мынау кәпір.
Мынадай болмас, сірә, істің сәті
Айтайын қаршығаны тапсам ақыр».

Деп ойлап, іздеп кетті қаршығаны,
Мұң шағып, ішкі шерін аршығалы.
Көлдегі көп үйректің арасынан
Шулаған қаршығалап зар шығады.

Тыңдаса, бұл дауысты жақын келіп,
Әр жерде бір шүрегей жатыр өліп.
«Бұлардың бәрін қырған бір қаршыға,
Мен мәңгі1 келіп жүрген бұған сеніп».

Деді де, бір түкіріп ұшты аспанға,
«Қайткенде айла табам шыбын жанға?
Бұлардың бәрінен де бекзат еді,
Барайын, – деп ойлады, – лашын ханға».

Көп іздеп неше түрлі бейнет көріп,
Оны да бір мезгілде тапты келіп,
Түбінде бір теректің бекзадасы
Жеп отыр қаздың етін көкірек керіп.

«Жаным-ау, мынау біздің төреміз бе?!
Шынымен ақтық көрмей өлеміз бе?
Кемтарға бұлар қайтып кек әпермек?
Құдірет көн деген соң, көнеміз де».

Дағдарды осыны айтып торғай сорлы,
Жеріне барам деген барып болды.
Бүркітке – құс патшасы жолығуға,
Кезіпті жер-жиһанды оңды-солды.

Тапқанын бүркітті іздеп, таппағанын,
Шаққанын, ішкі мұңын, шақпағанын.
Білмеймін, әлі күнге естігем жоқ,
Жатқанын жаны тыныш, жатпағанын.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.