Ертеде бір ер адам мен әйел болыпты. Олардың Маша деген қызы, Иван атты ұлы бар екен. Маша – тұңғышы. Иванушка – кенже баласы.
Бірде балалардың әке-шешесі қалаға аттанады. Кетерінде олар Машаға:
– Ал, қызым, ақылды бол! Үй мен Ванюша – өзіңе аманат. Бауырыңды көзіңнен таса қалдырма. Саған сеніп кетіп барамыз, жарай ма? Біз сендерге қаладан базарлық ала келеміз, – деп қатаң ескертеді де, қоштасып жолға шығады.
Әке-шешесі кетісімен Машаны аулада ойнап жүрген достары шақырады. Қыз Иванушканы терезе алдындағы көгалға отырғызып, өзі балаларға барып қосылады. Біраз уақыт өтеді. Маша ойын қызығына кіріп кеткен. Кішкентай Ванюша мүлдем ұмыт қалды. Осы кезде бір топ жабайы қаздар пайда болады. Олар терезе алдында отырған баланы қанаттарына отырғызып, ұшып кетеді.
Ойнай-ойнай шаршаған қыздар тарқай бастайды. Маша да үйіне оралады. Келсе, Иванушка жоқ. Ол ары-бері жүгіріп іздейді. Айқайлай-айқайлай дауысы қарлығады. Әке-шешесінің айтқан сөздері есіне түсіп, өкініп жылайды.
Інісін неде болса іздеп табу керек. Жүгіріп ауыл шетіндегі жазық далаға шығады. Ол алыста ұшып бара жатқан бір топ қаздарды көреді. Жабайы қаздар лезде қалың орманға кіріп, көзден ғайып болады.
Маша Ваняны осы қаздардың алып кеткенін біледі. Себебі бірде ол ауыл адамдарының бала ұрлайтын жабайы қаздар туралы айтқан әңгімесін естіген еді. Қыз құстардың ізіне түседі. Жүгіріп келе жатып ол бір пешке тап болады. Қасына келіп:
– Пеш-ау, пеш, айта қойшы, жабайы қаздар қай жаққа қарай ұшып өтті? – деп сұрайды.
– Алдымен сен маған отын сал. Содан соң айтамын, – дейді пеш.
Маша тездетіп отын жарады. Жарған отынды пешке салады. Пеш оған жол көр сетеді. Қыз пеш сілтеген бағытқа қарай жүгіре жөнеледі.
Біраздан кейін ол өсіп тұрған жалғыз түп алма ағашын кезіктіреді. Алма ағаштың бұтақтары қып-қызыл алмаларын көтере алмай, жерге қарай иіліп тұр екен. Маша оған:
– Алма ағашы-ау, алма ағашы, жабайы қаздар қайда ұшып кетті? – дейді өтініп.
– Бұталарым иіліп, сынуға айналды. Егер салған алмаларымды теріп алсаң, айтамын, – деп ағаш бір күрсінді.
Маша тездетіп пісіп тұрған алмаларды тере бастайды. Ағаштың жерге қарай иіліп тұрған бұтақтары біртіндеп жоғары көтеріледі. Жеңілдеп, бой түзеген алма ағашы қызға жол көрсетеді.
Маша сапарын жалғастырады. Оның алдынан енді өзен шығады. Онда су емес, сүт ағып жатыр екен. Қыз жақын келіп:
– Сүтті өзен, сүтті өзен, жабайы қаздардың қайда ұшып кеткенін көрсетіп жіберші, – дейді жалынышты үнімен.
– Бағана бір үлкен тас домалап құлап кетіп, жолымды бөгеді. Енді сүттің ары қа-рай ағуына кедергі келтіріп тұр. Егер сол тасты жағаға шығарсаң, мен саған жол сілтер едім, – деп өзен мұңын шағады.
Маша қолына үлкен таяқ алып, тасты итеріп, жағаға шығарады. Сыңғырлап аққан сүтті өзен оған жабайы қаздарды қайдан табатынын айтып береді.
Сөйтіп, Маша жүгірген қалпы қалың орманға жетеді. Ары қарай қайда жүрерін білмей, аңтарылып тұрып қалады. Cол сәтте бөрене түбінде отырған кірпіні көреді. Қасына жақындап:
– Кірпі-ау, кірпі, жабайы қаздарды қалай табуға болады? – деп сұрайды.
Кірпі оған:
– Менің соңымнан ер, – дейді де өзі жиырылып, дөңгелеп кетеді.
Осылай олар алдымен шыршалардың арасынан, одан әрі аққайыңдар ортасынан өтіп, бір алаңқайға жетеді.
Алаңқайда бір тауық аяқты үйшік тұр. Іште, терезе алдында жалмауыз кемпір тоқыма тоқуда екен. Ал Ванюша есік алдында алтын алмамен ойнап отыр. Маша ақырын басып, тауық аяқты үйшікке жақындайды. Інісін көтеріп алады да, қаша жөнеледі.
Біраздан кейін жалмауыз кемпір терезеден сыртқа қарайды. Ойнап отырған бала жоқ. Ашуланған ол ысқырып, жабайы қаздарын шақырады.
– Тез ұстаңдар оны! Қуып жетіңдер! Баланы алдыма алып келіңдер! – деп бұйырады.
Жабайы қаздар қаңқылдап ұша жөнеледі.
Ванюшаны көтерген Маша қашып келеді. Анда-санда артына бұрылып қарап қояды. Міне, жол-жөнекей кезіккен сүтті өзенге де жетеді. Тағы бір рет бұрылып, артына қарайды. Жабайы қаздар жақындап қалған екен. Қыз қайда тығыларын білмей, әбден сасады. Ол өзенге:
– Өзен, өзен, бізді жабайы қаздардан жасыршы, – дейді.
Сүтті өзен арнасынан жоғары көтеріледі. Балалар астына кіріп отырады. Өзен үстімен ағып, оларды көзден таса қылады. Жабайы қаздар Маша мен Ванюшаны көрмей, ұшып өтеді.
Қуғыншылар кетісімен балалар жағаға шығып, өзенге рақметін айтады да, жолдарын жалғастырады. Ағайынды екеуін таппаған жабайы қаздар кері қайтады да, жүгіріп келе жатқан Машаны тағы да байқап қалады. Бұл кезде інісін көтеріп алған Маша өзі кездестірген алма ағашына жеткен еді. Қыз ағашқа:
– Алма ағашы, бізді жабайы қаздардан жасыршы, – деп көмек сұрайды.
Ағаш Маша мен Ванюшаны қалың бұталарының астына отырғызып, жапырақтарымен жауып, көрсетпей тастайды. Қыздан адасып қалған жабайы қаздар алма ағашын ары-бері айналып, балаларды таппаған соң ұшып кетеді.
Маша тасадан шығып, ағашқа алғысын білдіріп, жолын жалғастырады.
Міне, үйлеріне де жақындап қалған еді. Маша бұрылып, артына қарайды. Жабайы қаздар тағы соңдарына түскен екен. Олар қызды қуып жетіп, тіпті Ванюшаны қанаттарымен қағып әкетпекші болады. Бірақ қыз інісін құшағына қатты қысып жібермейді. Әрең дегенде құстардан сытылып шыққан Маша алғаш кездестірген пешке жетеді де:
– Пеш, пеш, бізді мына жабайы қаздардан құтқаршы, – деп өтінеді.
Пеш балаларды ішіне отырғызып, бетін жапқышпен жабады. Ал жабайы қаздар пешті айналшықтап ұзақ ұшып жүреді. Жапқышты қанаттарымен сабалап, сабалап аша алмай, әбден шаршайды. Сөйтіп амалдары таусылған олар кері, жалмауыз кемпірге қайтады.
Маша інісін көтеріп, жерге түседі. Олар пешке алғысын айтып, үйіне келеді. Артынша қаладан әкесі мен анасы оралады. Қызы Маша мен кішкентай ұлдары Ваняға мол сыйлық береді.