Ары мен Құбыжық — Красавица и Чудовище (Шарль Перро)

Красавица и Чудовище (Шарль Перро)

Ертеде үш қызы бар бір көпес болыпты. Оның кенже қызы көрікті, ақылды әрі еңбекқор екен. Мейірімсіз, қызғаншақ әпкелері cіңлілерінің артықшылығын көре алмапты.

Бірде көпестің тауар таситын кемесі та уарларымен бірге жоғалып кетеді. Жағ дайы нашарлаған ол енді қарызға дән алып, егін егумен айналыса бастайды. Күні-түні тыным таппай еңбектенеді. Кенже қызы ерте тұрып, әкесіне көмектеседі. Ал әпкелері ертеден кешке дейін ерігіп отырады.
Красавица и Чудовище (Шарль Перро)
Бір күні жоғалған кемесінің табылғаны туралы қуанышты хабар жетеді. Кемедегі тауарларды сатып келмек болып жолға шыққан көпес қыздарынан:

– Қандай сыйлық әкелейін? – деп сұрайды.
Үлкен екі қызы «әдемі көйлек әкеліп бер» десе, кенжесі алқызыл раушан гүлін қалайды.

Көпес қалаға келіп, тауарларды сатып, қарыздарын өтейді. Жол-жөнекей базарға кіріп, екі қы зына көйлек сатып алады. Қайтар жолда қара боран соғып, көпес адасып кетеді. Жол сұрайтын ешкім жоқ. Сөйтіп ол «біреу-міреу кездесіп қалар» деген оймен басы ауған жаққа жүре береді. Жүре-жүре кеш те батады. Көпес бір қалың орманға тап болады. Айнала тым-тырыс, қорқынышты. Ұлыған аш қасқырлардың дауысы жақын жерден шығады. Кенет алыстан бір сығырайған жарық көрінеді. Көпес жарыққа қарай жүрісін жылдамдата түседі. Жақындап келіп қараса, бұл үлкен, ескі сарайдың терезесінен шыққан жарық екен. Көпес атын жетелеп, сарайға кіреді. Дауысын қатты шығарып:

– Мұнда кім бар? – деп сұрайды.

Жауап жоқ. Алдында тұрған есікті ашады. Бөлмеде кере мет дастарқан жайылып, пеште от жанып тұр. Көпес орындыққа жайғасып, «үй иесі келіп қалар» деген оймен біраз отырады. Бірақ қатты қарны ашқан ол шыдамай, тамаққа тойып алады. Енді келесі бөлмеге кіреді. Бұл жатын бөлмесі екен. Шаршаған көпес төсекке жайғасып жатып, ұйықтап кетеді.

Ертеңінде көпес орнынан тұрса, міне, ғажап, алдында дөңгелек үстел тұр. Онда таңертеңгілік асқа не керектің бәрі бар. Көпес аң-таң. Ол: «Мұны маған білдірмей даярлаған кім болды екен?» деп ойлайды. Үй иесін күтіп біраз отырады. Ешкім келе қоймаған соң, бір өзі таңертеңгілік асты ішеді. Содан соң:

– Мейірімді жан, қонақжайлығың үшін көп рахмет, – деп басын иіп, сыртқа шығады.

Аты ерттеліп, дайын тұр екен. Көпес атына мініп, үйіне қарай бет алады.
Көпес кетіп бара жатып, сарайдың алдындағы жайқала өскен әдемі гүлдерге қызыға қарайды. Есіне кенже қызының өтініші түсіп, ең әдемі алқызыл раушан гүлін жұлып алады. Осы кезде, қайдан екені белгісіз, арыстан кейпіндегі бір құбыжық шыға келіп:

– Мен сенің өміріңді сақтап қалдым. Үйіме кіргізіп, құрмет көрсеттім, ал сен гүлімді жұлып, жамандық жасадың. Сол үшін өлуің керек! – дейді қаһарланып.

– Кешіріңіз мені. Менің үш қызым бар. Оларды аяқтандыруым керек. Жолға шығарымда ең сүйікті кенже қызым «алқызыл раушан гүлін әкеліп бер» деп өтініп еді. Гүлді сол үшін жұлдым, – дейді қорқып кеткен көпес.
Құбыжық:

– Онда сен үйіңе барып, үш қызыңның біреуін осында жібер. Олардың ешқайсысы келіспесе, үш айдан соң өзің қайтып келесің. Келмесең, қыздарың да, сен де өлесіңдер! – деген үкімін айтады.
Көпес басы салбырап үйіне келеді. Қыздарына әкелген сыйлықтарын таратады.

Кенже қызына гүлді беріп жатып:
– Бұл гүл маған қымбатқа түсті, – деп болған жайды түгел айтып береді.
Кенже қыздың әпкелері:
– Бұған сен кінәлісің! Сен үшін әкемізден айырылатын болдық, ал сен жыламайсың да, – деп ұрса бастайды.
– Не үшін жылаймын? Құбыжық «бір қызың келсін» деген екен, әкемнің орнына мен барамын, – дейді кенжесі. Сонда әкесі:
– Дауды қойыңдар! Құбыжыққа ешкімді де жібермеймін, өзім барамын. Мен қартайдым, асарымды асап, жасарымды жасадым. Тек сендерді аяқтандырмай кететінім өкінішті, – дейді.

Бірақ кенже қызы:
– Әке, сіз кетсеңіз, мен өзімді өмір бойы кешірмеймін. Мен кінәлімін. Сондықтан менің баруым керек, – деп бой бермейді. Қыз құбыжықты көріп, қорқып кетеді.
– Өз еркіңмен келдің бе? – деп сұрайды құбыжық.
– Иә, – деп жауап береді қыз.

Құбыжық:
– Жүрегің таза, мейірімді жан екенсің. Әкеңнің сүйікті қызы болуыңның жөні бар. Қорықпа, сарайда еркін өмір сүр. Мен саған қамқор боламын. Өзіңе арнап бөлме даярлап қойдым. Жоғарғы қабатқа көтерілсең көресің, – дейді де ғайып болады. Қыз бөлмесіне көтеріледі. Бөлме оған қатты ұнайды. Әдемі жиһаздар, мамық төсек, әсем терезе, перде, алды ашық пеш бір-бірімен үйлесім тапқан. Содан соң ол сыртқа шығып серуендеп келеді.

Өзі жақсы көретін алқызыл раушан гүлдерін аралап ұзақ жүреді. Кешке бөлмесінде отырып кесте тігеді. Сөйтіп қыз үлкен сарайда тұрып жатады. Не кием, не ішем демейді. Бәрі бар. Құбыжық барлық жағдайды жасайды. Үлде мен бүлдеге орайды. Бірақ қыздың көңілі көтерілмейді. Үнемі әкесін ойлайды. Сұлудың жабырқаңқы күйін байқаған құбыжық бір күні:
– Неге көңілсізсің? – деп сұрайды.
– Әкемді көргім келеді, – деп жауап береді қыз. Құбыжық:
– Солай ма, оның жарасы жеңіл, – дейді де қызға әдемі бір айнаны ұсынады. – Бұл – сиқырлы айна. Барлық тілегіңді орындайды.
– Шынымен, айна не тілесем, соны орындай ма?
– Сенбесең, тексеріп көр.

Қыз айнаны қолына алып:
– Әкемді көргім келеді, – дейді қуанышын жасыра алмай.
Осы сөзді айтуы мұң екен, айнадан үйінде жүрген әкесін көреді. Әкесінің аман-саулығын білген қыздың көңілі жай табады. Ол енді сиқырлы айнаның көмегімен әкесінің, әпкелерінің халжағдайларын біліп тұрады.
Уақыт зымырап өтіп жатады. Бір күні айнаның көмегімен қыз әкесінің ауырып, хал үстінде жатқанын біледі. Сұлу қыз қатты қайғырып Құбыжыққа:
– Әкем қатты ауырып, хал үстінде жатыр. Үйге барып қайтуыма рұқсат бер, – деп сұранады.

Бірақ Құбыжық рұқсат ептейді.
Келесі күні кешке қыз құбыжықтан тізерлеп отырып:
– Әкемді соңғы рет көруіме рұқсат ет. Қайтып келуге уәде беремін, – деп өтінеді.
Құбыжық қызға әбден бауыр басқан еді. Арудың күйзелісте жүргені жанына қатты батқандықтан болар келесі күні ол:
– Сен менің жалғыз қуанышымсың, сен кетсең, мен қайғыдан құса болып өлемін, – дейді.

Содан соң біраз ойланып тұрып:
– Жарайды, барып кел, бірақ тез қайт, – деп келісімін береді. Жүрегі алып-ұшқан қыз жолға дайындалады. Асыққаны сонша, үйіне қалай жеткенін байқамай да қалады. Келе сала, төсек тартып жатқан әкесімен сағыныса көріседі. Қызының аман-сау екенін көрген көпестің қуанышында шек болмайды. Ару қыз әкесіне басынан өткен оқиғаларды түгел баяндайды.

Күн артынан күн өтеді. Қыздың қайтатын уақыты болады. Әкесі қиылып сұрағандықтан ол тағы да бірнеше күн кідіреді. Бірде қыз түс көреді. Түсінде Құбыжық қайғыдан өлейін деп жатыр екен. Қыз әкесімен қоштасып, асығыс жолға шығады.

– Аман болса екен, – деп тілейді ішінен.
Жүгіріп келген қыз бақ ішінде қайғыдан өлейін деп жатқан Құбыжықты
көреді де:
– Саған не болды? Тұра ғой, мен келдім! – деп жылап жібереді.
– Неге кешіктің? Тез қайта ораламын демеп пе ең? Мейлі, кеш те болса келгеніңе қуаныштымын. Енді арманым жоқ. Өзіңді көріп, бақытты боп өлетін болдым, – дейді құбыжық.
– Өлмеші, мен де сені жақсы көремін, саған тұрмысқа шығуға
келісемін, – дейді ару.

Осы сөздерді айтқаны сол екен, аспан күркіреп, алай-түлей жел тұрады. Құбыжық ғайып болып, оның орнына сымбатты, жас ханзада пайда болады.

Көркем жігіт орнынан тұрып, қызға:
– Осы сәтті асыға күттім. Саған адам екенімді айта алмай қатты қиналдым. Маған бір зұлым сиқыршы қастандық жасап, құбыжыққа айналдырып жіберген. «Сиқырдың күші бір сұлу қыз сұсты түріңе қарамай, ғашық болғанда ғана жойылады» деп ескерткен, – дейді. Сонымен, ханзада мен көпес тің кенже қызы үйленіп, бақытты өмір сүреді. Жұрт олардың сарайын бақтарындағы жайқалып өскен раушан гүлдеріне қарап «Райхан-сарай» деп атап кетеді.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.