Батыр туралы — О герое
Алдында жатыр ақмарал, атып ал да олжалан.
Арпасыз ат қыр аса алмас,
Арқасыз батыр жау ала алмас.
Арыстан айға шауып мерт болғанмен
артында жортқан баласы
арыстандық етпей қоймас.
Ақсұңқар ауға шырмалғанмен
ұясынан ұшқан балапан
сұңқарлық етпей қоймас.
Байы өлген қатынның беті жара,
Бағы тайған батырдың еті жара.
Бақ-бақ еткен текені
қар жауғанда көріңіз.
Батырсынған жігітті
жау келгенде көріңіз.
Балпаң, балпаң кім баспас,
басарға балтыр шыдамас.
«Басым бұлтқа тиер» деп бұққан — батыр.
«Кесірім жүртқа тиер» деп ыққан — батыр.
Батыл аңғал, ер көдек.
Батыл,батылдың ісі мақұл.
Батыл болмай батыр болмас.
Батылдық батырлықтың сауыты.
Батыл жігіт жол бастар,
Ақын жігіт той бастар.
Батыр аңғырт, бай саңғырт.
Батыр бастас, бай қоныстас.
Батыр болатын бала ерге үйір,
Қызтеке бала зерге үйір.
Батыр болған ханға қас,
Мерген болған аңға қас.
Батыр болсаң жауды қайтар,
Шаруа болсаң малды қайтар,
Шешен болсаң дауды қайтар.
Батыр бір оқтық,
Бай бір жұттық.
Батырға да жан керек,
Пақырға да жан керек.
Батырға оқ дарымайды,
Батылға жау жоламайды.
Батырға таяқ та жарақ.
Батырдан барымташы туар даңғой (Абай).
Батырдан сауға, мергеннен сыралғы.
Батырдан хат — достарға қуат.
Батыр деме батырды шеп құрған дауға батпаса.
Төре деме төрені ел тілегін таппаса (Дулат).
Батырды бәрекелді өлтіреді.
Батырды жауда,
Шешенді дауда сына.
Батырдың атын жау шығарады,
Шешеннің атын дау шығарады.
Батырдың бір ісі тентек,
Қорқақтың екі ісі тентек.
Батырдың да басы екеу емес.
Батырдың көзі өмірге түседі,
Қорқақтың көзі өлімге түседі.
Батырдың өмірі қысқа.
Батыр елдің ажары,
Бал құрақ көлдің ажары.
Батыр елінде, балық көлінде.
Батыр жарасыз болмас.
Батыр жарқырап жүреді,
Қорқақ қалтырап жүреді.
Батыр қол бастар,
Көсем жол бастар,
Шешен сөз бастар.
Батырлығың не керек, байсалдылық болмаса.
Ақындығың не керек айтарлығың болмаса.
Батырлықтың белгісі
жауға шапқан ұрандап.
Балуандықтың белгісі
алқаға түсіп сыбанбақ.
Батыр мақтанса
жауға шапқанын айтар.
Қу мақтанса
алдап қаққанын айтар.
«Батырмын» деп кім айтпас, барарға жүрек шыдамас (Ақтамберді).
Батыр мың қол бастайды,
Шешен тар жерде сөз бастайды.
Батыр ортақ, бақ жалқы.
Батыр ортақ, бала ортақ,
бодаудан қайтқан мал ортақ,
Батыр ортақ, ер ортақ,
күн ортақ, ай ортақ.