Ертегі: Алтын айдарлы әтеш пен диірмен

Ертеде шал мен кемпір өмір сүріпті. Тұрмыстары нашар екен. Аш отырған күндері де болыпты. Бірде олар бұршақ жеп отырып, біреуін жерге түсіріп алады. Бұршақ домалап барып, тесік арқылы еденнің астына түсіп кетеді. Сол жерде осы бұршақ аз жатты ма, көп жатты ма, әйтеуір бір күні ол өніп,өсе бастайды. Өсе, өсе еденге жетіп тіреледі. Бұршақтың өскенін байқаған кемпір:– Шал-ау, шал, мына еденді кесу керек. Астынан бұршақ өсіп келеді. Үлкейгенде, ешқайда бармай-ақ бұршақ теріп аламыз, – дейді.

Ертегі: Алтын айдарлы әтеш пен диірмен

Шал еденді ойып кеседі. Өскін еркін жайқалып шығады. Өсе, өсе үйдің төбесіне жетеді. Шал енді үй төбесін тесіп, шатырын мүлдем алып тастайды. Бұта осылай тоқтамастан көкке өрлеп өсе береді.Бір күні шал мен кемпірдің бұршақтары таусылады. Шал дорбасын асынып, бұтаға өрмелеп, жоғары көтеріледі. Ол өрмелей, өрмелей көкке жетеді. Қараса, бұлт үстінде алтын айдарлы әтеш отыр екен. Қасында жарқыраған әдемі бір диірмен тұр. Шал әтеш пен диірменді дорбасына салып, төмен түседі. Кемпіріне:– Саған сыйлық әкелдім. Алтын айдарлы әтеш пен диірмен! – деп мәз болады.

Кемпір:– Қандай әдемі диірмен. Қане, көріп жіберейін, – деп, сабын айналдырып кеп қалады. Міне, ғажап! Дастарқанға топ етіп бәліш, артынан құй мақ түседі. Кемпірі тағыайналдырады. Бәліш пен құймақ та ғы пайда болады. Айналдырған сайын бәліш пен құймақ шыға береді, шыға береді. Шал кемпіріне:– Қандай керемет! Енді аш болмаймыз, – дейді қуанып.Осылай шал мен кемпір үлкен олжаға кенеледі. Тамақтары тоқ, қайғылары жоқ, тұрып жатады.

Бірде шал мен кемпір аулада күнге қыздырынып отыр еді. Үйдің қасынан өтіп бара жатқан бір сараң бай: – Ұзақ жолдан шаршап-шалдығып келемін. Қарным аш. Жейтін тамақ бар ма? – деп сұрайды.Кемпір орнынан тұрып: – Бәліш пен құймақ бар. Үйге кіріңіз, – деп қонаққа шақырады.Бай атынан түсіп, ішке кіреді. Шалмен бірге үстел басына кеп отырады. Кемпір диірменді алып, сабын айналдырып, айналдырып қалады. Дастарқанға топырлап бәліш пен құймақ түсе береді. Бұны көрген бай аң-таң қалады.

Тамақтанып алған ол: – Мына диірменді маған сатыңдар, – деп жата кеп жабысады. – Жоқ, сата алмаймыз. Күн көріп отырғанымыз осы диірмен. Өзімізге де керек, – деп шал мен кемпір көнбейді.Сараң бай мұнымен қоймайды. Амалын тауып, білдіртпей диірменді ұрлап алады. Содан соң үй иелерімен қоштасып, атына мініп, шауып кетеді.Кеш батады. Шал мен кемпір ас ішуге отырады. Кемпір диірменді іздеп, таппай қояды. Қариялар сонда ғана оны байдың ұрлап кеткенін біледі. Қатты қайғырып, жылайды. Шал мен кемпірге жаны ашыған әтеш: – Ата, әже, жыламаңыздар. Мен сол байды іздеп тауып, диірменді алып келемін, – деп ұшып кетеді.

Алтын айдарлы әтеш жазық даланы, өзен-көлдерді, қалың орманды басып өтіп, байдың үйін табады. Ауладағы шарбаққа ұшып келіп қонады да:– Ку-ка-ре-ку! Ку-ка-ре-ку! Ұры бай, біздің диірменді қайтар! – деп айғай салады. Бай ашуланып, үй қызметшілеріне:– Ана әтешті суға батырыңдар! – деп бұйырады.

Қызметшілері әтешті ұстап алып, құдыққа тастайды. Құдық түбіндегі әтеш:– Тұмсығым, тұмсығым, судан іш, – дей отырып, құдықтағы бар суды сарқып ішеді.Енді ол ұшып барып бай үйінің шатырына қонақтайды да:– Ку-ка-ре-ку! Ку-ка-ре-ку! Ұры бай, біздің диірменді қайтар! Атам мен әже ме диірмендерін қайтар! – деп тағы да айғайлайды. Бай енді қатты ашуланады. Қызметшілеріне: – Мына қақылдаған әтешті отқа жағыңдар! – дейді бар дауысымен. Байдың қызметшілері алтын айдарлы әтешті тағы да ұстап алады. Оны әкеліп, лаулап жанып жатқан пешке салады.

Әтеш болса:– Тұмсығым, тұмсығым, суды шаш, – дейді.Осы кезде құдықта отырып ішкен суы тұмсығынан атқылап, жанып жатқан отты сөндіріп тастайды.Алтын айдарлы әтеш енді ұшып барып бай үйінің терезесіне қонады да, бұрынғыдан да қаттырақ:– Ку-ка-ре-ку! Ку-ка-ре-ку! Ұры бай, ұры бай, біздің диірменді қайтар! Атам мен әжеме диірмендерін қайтар! – дейді айғайлап. Бұл жолы байдың ызаланғаны сонша, тіпті қызарып кетеді. Әтеш болса: – Ұры! Ұры бай! Диірменді бер! – деп артынан қалмайды.

– Ұстаңдар мына әтешті! Шабыңдар басын! – дейді бай қызметшілеріне ақырып. Қорыққандарынан не істерін білмей қалған қызметшілері бірі қолына балта алып, қалғандары таяқ, пышақ ұстап, бай мен әтештің соңына түседі. Үйдің іші, аула түгел азан-қазан, у-шу. Бәрі жабылып, алтын айдарлы әтешті ұста мақ шы болып әуреленіп жүр. Ал әтеш ұшып жүріп, байдың басын шоқып-шоқып алады. Байшалынысып, құлап түседі. Қыз метшілері оны көтермек болып әлек.

Осы жағдайды пайдаланып, әтеш үстел үстінде тұрған диірменді іліп әкетеді. Тоқтамай ұшып отырып шал мен кемпірге жетеді. Үйге кіріп:– Ку-ка-ре-ку! Ку-ка-ре-ку! Мен диірменді алып келдім, – дейді шаттанып. Шал мен кемпірдің қуаныштарында шек жоқ. Алақайлап, әтеш пен диірменді кезек-кезек құшақтап мәз. Осылай шал мен кемпір алтын айдарлы әтештің көмегімен жарқыраған әдемі диірменіне қайтадан ие болады. Еш қиындық, жамандық көрмей, бақытты ғұмыр кешеді. Келген, кеткен мейірімді адамдарды ыстық бәліштерімен, дәмді құймақтарымен күтіп алып, шығарып салып тұрыпты.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.

Adblock detector