Бақыт құсы — Птица счастья или Синяя птица

Бақыт құсы - Птица счастья или Синяя птица

Баяғы заманда «Фландрия» деген жерде, кішкентай қаланың шетінде бір отын кесуші тұрыпты. Еңбеққор үй иесі ормандағы ескі, ауру ағаштарды кесіп, отын дайындап, соны сатып, адал еңбегімен өзінің отбасын асырап, өмір сүріпті. Ұлы Тильтиль мен қызы Митиль шамалары келгенше әке-шешесі не көмектесіп, қалған бос уақыттарында достарымен ойнап, өте тату, әдепті болып өсіп жатады.

Бірде Жаңа жылдың алдында балалар үлкендермен бірге, өз үйлерін, ауласын тазалады. Сол күні олар қатты шаршап, ерте ұйықтап қалды. Үй іші тым-тырыс… Әрқайсысы өз орнында ұйқыға кеткен.

Тордың ішінде балалардың сүйікті құсы – көк көгершін.
Жылы пештің үстінде – мысық.
Сәкінің астында – төбет.
Күбінің ішінде – ашытылған қамыр.
Тақтайдың үстінде – үлкен аппақ қант.
Есіктің жанындағы шелекте – құдықтың мөлдір суы.

Бақыт құсы - Птица счастья или Синяя птица

Кенет, түн ортасынан ауған мезгілде, есік жайлап ашылды да, бөлмеге ақырын басып, кіп-кішкентай апай кірді. Тильтиль мен Митиль лезде оянып кетті.
– Балалар, менің кішкентай немерем қатты ауырып қалды. Оған тек Көк құс қана көмектесе алады. Сендерде сол құс бар екен! Мен соны естіп, өздеріңе келдім, – деп жағдайын айтты. – Ой! Сіз біздің көрші Берленго апайға ұқсайсыз! Ол кісінің немересін мен жақсы білемін, – деді Митиль.

– Жоқ, мен Берилюна періштемін, – деп, апай кенет сымбат ты ханшайымға айналып кетті.
– Сендердің Көк құстарың – ғажайып құс! Көк құс адамға бақыт әкеледі. Бірақ ол үшін дүниедегі әр нәрсенің, әр адамның көзге көрінбейтін ішкі жанын көре және тани білуге үйрену керек, – деді ол.
Берилюна періште балаларға өте әдемі, асыл таспен әше кейленген бөрік берді.
О, ғажап! Тильтиль мен Митиль бөрікті бастарына киіп еді, әр нәрсенің ішкі жанын көрді.

Күбінің ішінен албыраған Нан шығып келе жатыр.
Көк сулығын сусылдатып, қардай аппақ Қант оянып, орнынан тұрды.
Шелектің ішінен ұзын шашын төгілтіп Мөлдір су көтерілді.
Суды көріп, алқызыл желбегей жамылған айбарлы От атып түрегелді.
Бұған екеуі таңқалды. Әсіресе, олар ойыншыл Мысық пен ақ-қөңіл Төбеттің тілдерін түсінуге болатынына қатты қуанды.

Бір уақытта бөлменің іші жылтылдаған жарық сәулеге толып кетті. Бұл таңғажайып нұрды шашып тұрған ғажайып сұлу қыздың екі көзі екен. Тильтиль мен Митильдің көз алдына келген ару қыз – Жарықтың жаны еді.
– Танысып қойыңдар! Жарықтың жаны сендерді Бақыт құсына ертіп апарады, – деді Берилюна періште.

Сыртқа шықса, түнгі аспандағы жұлдыздар шыршаның әшекейлері сияқты жарқырап тұр. Жер бетін басқан қар ақ күмістей жалт-жұлт етеді. Жарықтың жаны – бірінші, Тильтиль мен Митиль – екінші болып, қалғандары олардың соңынан бірінен соң бірі тізбектеле жүріп келеді: салмақты албыраған Нан, ұзын шашты Мөлдір су, аппақ Қант, лапылдаған От, сенімді Төбет, мамықтай жұмсақ Мысық. Тильтиль қолына бос күміс тор ұстап келе жатыр. Кенет, аяқ астынан көк тұман түсіп, ештеңе көрінбей кетті.

– Балалар, енді ары қарай бізге баруға болмайды. Естелік әлеміне Тильтиль мен Митиль ғана өте алады, – деп, Жарықтың жаны жарқыраған жеңін көтеріп, қолын сілтеп қалды. Тұман лезде тарап кетті, ал екі бала кішкентай үйдің жанынан баяғыда қайтыс болып кеткен атасы мен апасын көрді. – Апа! Ата! – деп, Тильтиль мен Митиль шаттана айқай салды.

Қариялар жұмылған көздерін ашып, екі немересін көріп, қуанып, балаларды қай жерге отырғызарын білмей, сасқалақтап қалды.
Тильтиль мен Митиль атасының тізесіне отырып, апасының құймағын балға матырып жеді. Бір кезде Тильтиль ағаштың бұтағында ілулі тұрған торды байқап қалды. Тордың ішінде керемет көкпеңбек құс отыр екен!
– Бұл кәрі құс сендерге Көк құс болып көрініп тұр, бірақ ол баяғыда өліп қалған, – деді атасы.

Балалар апасы мен атасының сөзіне қарамай, құсты өздерінің күміс торына отырғызып алып, жүгіре жөнелді. Сол мезгілде қайтадан тұман түсіп, балалардың алдынан Жарықтың жаны шыға келді. Ал тордың ішіндегі Көк құс өліп қалған қара құсқа айналып кетті.

– Қайғырмаңдар, балалар! Естелік әлемінің есігі сендер үшін қай мезгілде, қай уақытта болса да ашық. Ал енді мен сендерді Қуаныш әлеміне апара мын! Бірақ бұл Әлемде Негізгі Қуаныштарды Жасанды Қуаныштардан ажырата білулерің керек, – деп, Жарықтың жаны тағы да сиқырлы жеңін көтеріп, қолын сілтеді.
О, ғажап! Барлығы лезде керемет әдемі үлкен сарайдың алдына келе қалды. Сарайдың ішіне кірсе, бөлменің ортасында үлкен үстел тұр. Үстелдің жан-жағында отырған семіз адамдар қомағайланып, тыным таппай, тамақ жеп жатыр екен.

Семіз Нан үстелдегі самсаны жей бастады.
Су тәтті көпіршікті шербетті іше бастады.
От жалмаңдап, барлығын шетінен жұта бастады. Мысық торттың бетіндегі майын жалай бастады.
Ит үлкен сүйекті алып, етін жұлып жеп, кеміре бастады.

– Ой, қандай тамаша! Мұнда неше түрлі дәмді тамақтар бар! – деп, Митиль қуанып кетті. Бірақ Тильтиль Митильдің қолынан тартып, Мешкейлердің сарайынан алып шықты. Мұндай жерге Көк құс қонбайтынын бала сезді.

Далада оларды кішкентай нәрселердің шағын топтары қоршап алды. Бұлар аппақ киім киген Балалық шақтың Қуаныштары екен:
Жүгіріп ойнап жүретін қуаныш;
Күннің көзін көретін қуаныш;
Мейірімді бала болу қуанышы;
Сүю және сүйікті болу қуанышы…

– Бақыт құсын қалай табуға болады? – деп сұрады Тильтиль. Оның сұрағына Қуаныштар саңғырлап күліп, өлең айтып, жауап бермеді. Қуаныш әлемінде кім Бақыт құсы туралы ойлайды!
Ал Жарықтың жаны балаларды асықтырып, енді Түн патшалығына жеткізді. Мүмкін, Көк құс осы патшалықта жасырынып жүрген шығар?
Түннің қара тастан салынған сарайына Жарықтың жаны кіре алмады. «Көк құс бұл патшалықта ешқашанда болмаған» деген сөзге балалар сенбей қойды.
Түн патшайымы балаларды ертіп, бір есіктен екіншіге апарып, бөлмелерді түгел ашып көрсетті.

Бір бөлмеде Елестер, екінші бөлмеде Қорқыныш пен Үрейлер, үшінші бөлмеде Аурулар бар екен. Төртінші бөлменің есігін Түн патшайымы зорға ашты. Бұл бөлмеде Кешкі шық, Түнгі жұпар, Бұлбұлдың әндері, Қаңғыма Шырақтың шамы жиналған екен. Тильтиль болмай, есікті ашқызып еді, ішіндегі ғажайып дыбыстар мен хош иістер сауылдап сыртқа шықты. Ал балалар болса, көп әдемі көк құстарды көріп, оларды ұстап, күміс торға жинай бастады. Тильтиль мен Митильдің қуаныштары қойнына сыймай барады.

Таңның бірінші сәулесімен Жарықтың жаны қайтып келді. Түннің патшайымы сарайына қайтып, есіктерін жауып алды. – Біз көп Көк құстарды ұстап алдық! – деп, Тильтиль Жарықтың жанына торын көрсетті.

Бірақ Жарықтың жаны тек басын шайқады. Балалар қараса, күміс тор бос тұр, ал өздері үйде төсектерінде жатыр. Күннің көзі шығып, таң атыпты. Күбіден ашыған нанның иісі шығады. Ошақтың ішінде көмір жылтылдап жанып жатыр. Шелектің ішінде ақырын ғана шайқалып су тұр. Төбет пен мысық тәтті ұйқыдан әлі оянбапты.

«Түндегі болған нәрселердің барлығы түсімізге кірген шығар» деп балалар таңқалды.
Сол кезде бөлмеге Тильтиль мен Митильдің әке-шешесі және көрші Берленго апай кіріп келді.

– Балалар! Берленго апай сендерден Көк құсты сұрауға келіп тұр. Немересі қатты ауырып жатыр екен, – деді Тильтиль мен Митильдің анасы.

Берленго апай:
– Иә, немереме тек Көк құс ғана көмектесіп, ауруынан айықтырып, бақыт әкеледі, – деді.
– Алыңыз, апа, алыңыз! – Екі бала бір ауыздан айқай салды.
Біраз уақыт өткен соң, Тильтиль мен Митиль далаға шықты. Көрші үйден кішкентай қыздың көңілді, қуанышты күлкісі мен дауысы естілді.
– Амансың ба, Бақыт құсы!

Автор — Морис Меттерлинк — известный бельгийский драматург, лауреат Нобелевской премии.
Философская сказка «Синяя птица» — уникальная для литературы попытка отыскать формулу человеческого счастья. «Синяя птица» — безусловный шедевр мировой драматургии.

Понравилась статья? Поделиться с друзьями:
Добавить комментарий

;-) :| :x :twisted: :smile: :shock: :sad: :roll: :razz: :oops: :o :mrgreen: :lol: :idea: :grin: :evil: :cry: :cool: :arrow: :???: :?: :!:

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.