Ертеде бір кішкентай қыз болыпты. Бірде ол орманға барып, адасып кетеді. Қайтар жолды іздеп жүріп, қалың ағаштар арасында тұрған ескі үйге кезігеді. Есігі ашық тұр. Қыз ішке кіреді. Бөлмеде ешкім көрінбейді.
Бұл үйде үш аю тұратын. Ең үлкені, әкесі – Михаил Иваныч, одан кейінгісі, шешесі – Настасья Петровна және олардың баласы – кішкене қонжық. Үшеуі бұл кезде орман аралап, серуендеп кеткен. Бөлме ортасында үлкен ағаш үстел мен үш орындық тұр. Үстел үстіне ас құйылған үш ыдыс қойылған. Олардың біріншісі – үлкен табақ, екіншісі – орташа табақ, үшінші – кішкене көк табақ.
Әр ыдыстың қасында қасықтары жатыр. Қыз ең үлкен қасықты алып, үлкен ыдыс тағы тағамның дәмін татады. Астың дәмі ұна майды. Содан кейін орташа қасық пен екіншісін, кішкене қасықпен үшіншісін көреді. Бәрінен де оған көк табақтағы ас ұнайды. Қыздың қарны аш еді. Енді ол отырып тамақтану үшін өзіне орындық таңдайды. Ең үлкен орындық – Михаил Иванычтікі, одан кішірегі – Настасья Петровнанікі, ал үшіншісі – қонжықтікі.
Кішкентай қыз ең үлкен орындыққа шығып, одан құлап түседі. Ортаншысына мініп еді, ыңғайсыз көрінеді. Көңілінен шыққан тек үшінші орындық болады. Қыз қонжықтың орындығына отырып, көк табақтағы тамақты ішіп алады. Қарны тойған ол кішкентай орындықты ары-бері шайқап
ойнайды. Ақырында оны сындырып, өзі жерге құлайды. Қолымен қонжықтың қасығын
қағып жібереді. Қасық ұшып барып, бұрышта тұрған сандықтың астына кіріп жоқ болады.
Қыз орнынан тұрып, келесі бөлмеге кіреді. Бұл жерде үш төсек бар екен. Ең үлкені – Михаил Иванычтікі, ортаншысы – Настасья Петровнанікі, ал үшіншісі – қонжықтікі. Қыз ең үлкен төсекке шығады. Бұл оған тым үлкендік жасайды. Одан түсіп, ортаншысына жатады. Ол биік көрінеді. Ыңғайлы болғаны – үшінші төсек. Қатты шаршаған қыз осы қонжықтың орнына жатып, тәтті
ұйқыға батады.
Бұл кезде орманды аралап шаршаған әрі қарындары ашқан аюлар үйлеріне оралған еді. Ішке кірген олар алдымен тамақтанбақшы болады. Ең үлкен аю өз табағына қарап, жуан дауысымен:
–Менің ыдысыма тиіскен кім ?! – деп ақырады.
Настасья Петровна да ыдысына қарап:
– Менің табағымды орнынан қозғалтқан кім?! – дейді ашуланып.
Кішкене қонжық жіңішке дауысымен:
– Менің тамағымды мүлдем ішіп қойыпты, – дейді көк табақты қолына алып.
Үлкен аю енді үлкен қасығын ұстап:
– Менің қасығыма тиіскен кім?! – деп ақырады жуан дауысымен.
– Менің қасығымды орнынан қозғалтқан кім? – дейді Настасья Петровна.
Қонжық жіңішке дауысымен:
– Ал менің қасығым жоқ, – дейді жан-жағына қарап.
Михаил Иваныч:
– Кім менің орындығымды қозғалтқан?! – дейді зор дауысымен.
Настасья Петровна болса:
– Ал менің орындығыма отырған кім? – дейді налып. Оның дауысы үлкен аюға қарағанда жайырақ шығады.
– Менің орындығымды біреу тіпті сындырып тастапты, – дейді қонжық жыламсырап.
Аюлар ішкі бөлмеге кіреді.
– Менің төсегіме жатқан кім?! – дейді Михаил Иваныч ақырып.
– Ал менің төсегіме шыққан кім? – дейді Настасья Петровна басын шайқап.
– Ой, менің төсегімде біреу жатыр, – дейді қонжық таң қалып.
Аюлар қонжықтың төсегіне жақындайды. Маужырап ұйықтап жатқан кішкентай қызды көреді де, үшеуі жамырап:
– Қара мұны!
– Ұстаңдар! Ұстаңдар!
– Ұста оны! – деп айғайға басады.
У-шудан оянып кеткен қыз жанында тұрған үш аюды көреді. Қатты қорыққан ол ашық тұрған терезеден жерге секіріп түседі. Алды-артына қарамай қаша жөнеледі. Қызды ұстай алмаған Михаил Иваныч, Настасья Петровна мен қонжық үшеуі артта қалады.