Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. — Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? — деп сұрайды түлкі жылмаңдап. — Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
— Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік. — Ал, түке, ендеше баста, — дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді.
Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды: — Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңтай жауап қайырды: — Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
— Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын. — Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, — деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде: — Тоқта, тоқта! — деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоңқып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.
— Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? — деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып: — Был-жыр-рра-ма…- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі. Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі: — Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! — деп, күңкілдейді.
— Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! — деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады. — Е-е… құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! — деп, түлкі қусықылықтай кеп күледі. Емің бар ма, түлкіжан-ау… Түкешім, аясаңшы ағаңды, — деуге қасқырдың тілі әрең келіпті.
У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі: — Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, — дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі. — Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! — дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.